Қазіргі таңда адам денсаулығына кері әсер ететін негізгі себептердің бірі - тәуелділік мінез - құлық факторлары. Оларға шылым шегу, алкогольді шамадан тыс пайдалану, дұрыс тамақтанбау, қозғалыс белсенділігінің төмендігі және күйзелісті дұрыс басқара алмау жатады. Осыған байланысты “Тәуелділік мінез - құлық факторы” мектебінің маңызы артып отыр. Бұл мектептің басты мақсаты - халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және әр адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру.
Мектептің негізгі міндеттерінің бірі - адамның өз денсаулығына деген көзқарасын өзгертуге бағытталған тұрақты ақпараттық - білім беру жүйесін қалыптастыру. Яғни, қатысушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, оны күнделікті өмірде қолдануды үйренеді. Сонымен қатар, тәуелділік факторларының аурулардың дамуына әсері туралы ақпараттандыру деңгейін арттыру да маңызды орын алады. Бұл адамдардың өз денсаулығына саналы түрде қарауына ықпал етеді.
Оқу барысында науқастар мен қатысушыларға дұрыс тамақтану, физикалық белсенділікті арттыру, күйзелісті басқару және зиянды әдеттерден бас тарту жолдары түсіндіріледі. Әсіресе, шылым шегу мен алкогольге тәуелділіктің ағзаға тигізетін зияны кеңінен қарастырылады. Соның нәтижесінде адамдарда денсаулыққа кері әсер ететін факторларды азайтуға қажетті білім мен дағдылар қалыптасады.
Мектеп жұмысының нәтижесінде тұрғындарда салауатты өмір салтын ұстану дағдылары қалыптасады. Зиянды әдеттердің алдын алу арқылы өкпе қатерлі ісігінің, жүрек - қан тамырлары ауруларының және бас ми инсультінің даму қаупі төмендейді. Сонымен қатар, адамдардың жалпы денсаулық көрсеткіштері жақсарып, өмір сүру сапасы артады.
Қорытындылай келе, “Тәуелділік мінез - құлық факторы” мектебі - халық денсаулығын нығайтуға бағытталған тиімді құрал. Ол адамдарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, дұрыс өмір салтын таңдауға және зиянды әдеттерден арылуға үйретеді. Осындай білім мен дағдылардың арқасында қоғамда дені сау, белсенді әрі саналы ұрпақ қалыптасады.
